Главная » 2017 » Март » 29 » «Шеберлігімізді шыңдаған «Студент барысына» мың алғыс!» — дейді жас балуандар
10:58
«Шеберлігімізді шыңдаған «Студент барысына» мың алғыс!» — дейді жас балуандар

«Студент барысы — 2017» мәреге жетті

Оңтүстік астанамыз Алматы қаласында орналасқан Қазақтың спорт және туризм академиясының спорт залында осы білім ордасының Ұлттық спорт түрлері кафедрасының ұйымдастыруымен шаһардағы жоғары оқу орындарының студенттері арасында қазақ күресінен «ЭКСПО — 2017» көрмесіне арналған «Студент барысы — 2017» байрақты бәсекесі болып өтті. Жарыс наурыз айының 9-11 күндері аралығында өтті. Оған биылғы жылы қаладағы 10 жоғары оқу орындары мен 2 колледж студенттері (барлығы — 154 балуан, былтыр бұл көрсеткіш 120 болатын) қатысты.

Байрақты бәсеке «ЭКСПО — 2017»-ге арналады

Алғашқы күні жарысқа қатысушылар ресми тіркеліп, спортшылар салмақ өлшеу процедурасынан өтті. Бұдан әрі әр салмақ дәрежесі бойынша бозкілемде балуандар жұптары арасында іріктеу кезеңінде өтетін белдесулердің кезектерін анықтаған жеребе тарту рәсімі болды. Бұдан соң ұйымдастырушылар жарыс төрешілерімен отырыс өткізіп, оларға жарыстың ережелері түсіндірілді. Келесі күні таңертеңнен іріктеу жарыстары басталып, бозкілем үстінде жан алысып, жан беріскен тартысты белдесулер басталып кетті. Осылайша балуандар белдесулері сағат 11-ге дейін созылып, дәл осы сағатта жарыс сәл үзіліс алып, жарыстың салтанатты ашылу рәсімі өткізілді. Жарысты ұйымдастырушылар мен осы шараға арнайы шақырылған құрметті қонақтар сап түзеп тұрып, көрермендер алдына жарысқа қатысушы командалар мен төрешілер шақырылды. Спорт залын құдіретті үнімен баурап алған музыка аясында ортаға бірінен кейін бірі ЖОО командалары мен төрешілер алқасы шығып, осыдан кейін Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Осыдан кейін жарысты жүргізуші жиналғандарды әр командамен, жарыс төрешілерімен арнайы таныстырып, жарысты ашу салтанатының басталатынын хабарлады.

Жарысты ҚазСТА-ның спорт және тәрбие істері жөніндегі проректоры Мұхтар Зайнуллаұлы Есқалиев құттықтау сөзбен ашты. Ол: «Құрметті қонақтар мен көрермен қауым, балуандар. Сіздерді қазақ күресінен биылғы жылы Астана қаласында болатын «ЭКСПО — 2017» көрмесіне арналып өткелі отырған байрақты бәсеке — «Студент барысы — 2017» спорт мерекесімен құттықтаймын. Қош келдіңіздер! Бұл турнир біздің білім ордасының осымен үшінші жыл қатарынан өткізіп отырған спорт шарасы. Аталған жарыстың басты мақсаты — ұлтымыздың бренді саналатын қазақ күресін барынша дамытып, оны күллі әлемге таныту арқылы еліміздің атақ-абыройын арттыру, ұлттық спортымызды жан-жақты насихаттау, ең бастысы, осы спорт арқылы студенттерімізді отансүйгіштікке, елін-жерін құрметтеуге баулу. Құдайға шүкір, қазақ күресі жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, күллі әлемге танымал болып келеді. Жыл сайын одан республика біріншілігі, «Қазақстан барысы», «Еуропа барысы», «Әлем барысы» сынды ауқымды турнирлер өту бұлжымас дәстүрге айналды. Биылғы жылы қазақ күресінің Азия ойындары бағдарламасына енгізілуін зор қуанышпен қарсы алып отырмыз. Алла жазса, алдағы уақытта ұлттық күресімізді олимпиада бағдарламасына да кіргізсек пе деген үкілі үмітіміз бар. Ел ертеңі — жастар десек, жастарға құрыштай берік денсаулық қажет. Оны оларға спорт берері кәміл. Спорт пен тәрбие егіз екендігін Елбасымыз да өзінің әр Жолдауында үзбестен айтып, елімізде бұқаралық спортты дамытуға зор көңіл бөлу керектігін әкім-қаралардан бастап, бала тәрбиесімен айналысатын ұстаздар мен бапкерлердің алдына зор міндет етіп қойып келеді. Мына турнир де сол іске қосылған үлес деп есептеңіздер. Балуандарға: «Белдесулерді әділ өткізіп, айласын асырғандар ғана жеңіс тұғырын бағындырсын», — деп, ал қалған баршаларыңа еңбектеріңізге ерен табыс, алдағы істеріңізге сәттілік тілеймін!» — деп, сөзін тамамдады.

Бұдан кейін сөз кезегі арнайы шақырылған қонақ, халықаралық «Қазақстан ZAMAN» газетінің Бас редакторы Ертай Айғалиұлына берілді. Ол: «Құрметті қонақтар, жанкүйерлер, балуандар. Барлықтарыңызды үлкен спорт мерекесімен құттықтаймын. Біз осы залда бұған дейін еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына, Қазақ хандығының құрылуына 550 жыл толуына арналған «Студент барысы» турнирлерінің өткеніне куәгер болғанбыз. Сол дәстүр, міне, бүгін жалғасын тауып отыр. Спорт — ел мен елді, халық пен халықты, әртүрлі ұлттарды бір-бірімен жақындастыратын, елшілік қызмет атқаратын дәнекер. Спорттың жан-жақты дамыған азамат тәрбиелеудегі орны да аса маңызды. Ата-бабамыздан мирас болып қалып, бүгінгі күнге келіп жеткен қазақ күресі сондай тәрбие құралының бірегейі. Ол — өскелең ұрпақты салауатты өмір салтын ұстанып өмір сүруге баулитын шыңдалу һәм өмір мектебі. Өз басым спортшының бойында тән саулығымен қоса рухани байлық, рух болу керек деп есептеймін. Спортшы қанша күшті болғанмен, оның бойында елім-жерім дейтін патриоттық сезімі, ар-намысын жанитын өршіл рухы болмаса, одан жақсы спортшы шығады деп ойламаймын. Сондықтан бүгінгі күні бозкілем үстіне шығып, әрқайсысы өз білім ордасының намысын қорғайтын балуандардың бәріне толағай табыс тілеймін. Бәрің де бабы келген жүйріктей, бәйгеден маңдайларың жарқырап озып келе беріңдер. Алла Тағала сендерге соны нәсіп етсін. Әмин!» — деді.

 

Бұл өнер батырлыққа тәрбиелейді

Бұдан кейінгі сөз тізгінін қолына алған осы жарысты ұйымдастыруға мұрындық болған ҚазСТА Қазақ ұлттық спорт түрлері кафедрасының меңгерушісі, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген жаттықтырушы, п.ғ.к., профессор Ерғали Мұхиддинов: «Көпшілік қауым, қонақтар, спортшылар. Барлықтарыңызды бүгінгі спорт мерекесімен құттықтаймын. Қазақ күресі бұрынғы ата-бабамыздан мирас болып қалып, сан ғасырлар асуынан асып, бүгінгі күнге келіп жеткен аса құнды жәдігеріміз. Бұл спорт түрі кезінде жаугершілік заманды басынан көп өткерген ұлтымыз үшін ұландарымызды батырлық рухта тәрбиелеп, оның бойына патриоттық сезімді ұялату арқылы елі-жері үшін жанын пида етуден тайынбайтын жауынгер сарбаздарды даярлау мектебі болған. Майдан даласында аса ептілікті, күш-қайрат пен әбжілдікті қажет ететін баһадүр батырларға тән қасиеттерді нақ осы ұлттық күрес — қазақ күресі қалыптастырған. Ол әр сарбазға шеберлігін шыңдайтын мектеп ролін атқарған. Қазақ күресінің керегесі кеңіп, таралу ауқымы ұлғайып келеді. Соның өзі көңілге зор үміт ұялатады. Жас ұрпақты салауатты өмір салтын ұстануға баулуда зор рөлге ие ұлттық күресіміздің болашағы зор екеніне еш шүбә келтірмеймін. Біздің академия еліміздегі спорт саласындағы қара шаңырақ болып табылады. Оның қабырғасында елдің ертеңгі тірегі болатын жастарды тәрбиелеу бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Осы бағытта талмай жұмыс істеуімізге қолдау көрсетіп, үнемі көмек қолын созып келе жатқан білім ордасының басшысы, ҚазСТА президенті Қайрат Қайролдаұлы Закирьянов мырза бастаған ректоратқа үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Бүгінгі жарыс та баршаның есінде ұзақ сақталатын спорт мерекесі болып қаларына күмәнсізбін.

Баршаларыңызға зор денсаулық, отбастарыңызға береке-бірлік, балуандарға толағай жеңіс тілеймін. Жарысты ұйымдастырушы ретінде бүгінгі «Студент барысы — 2017» турнирін ашық деп жариялаймын»,— деп, жарысты ресми түрде ашуға рұқсат берді.

Бұдан кейін сөз алған жарыстың бас төрешісі, Халықаралық дәрежедегі төреші, Қазақ ұлттық спорт түрлері кафедрасының аға оқытушысы Нұржан Өтенов төрешілерге жарыс ережелерін бұлжытпай сақтауға арнайы тапсырма беріп, жарыстың әрі қарай жалғастырылатынын хабарлады. Жарыс аса тартысты да қызықты өтті. Дегенмен, мұнда жеңілгендер болмағаны анық, өйткені бұл спорт мерекесі қазақ күресінің бүгіні мен ертеңін жалғастыратын, болашағынан зор үміт күттіретін жас балуандардың өсіп келе жатқандығына көз жеткізді. Ендеше, ұлттық күресіміздің ертеңі кемел, босағасы берік, шаңырағы биік, керегесі кең болғаны ғой. Спорт десе ішкен асын жерге қоятын кәнігі жанкүйерге бұдан артық қандай қуаныш, бақыт керек?! Сондықтан әр белдесуге тоқталып жатпай-ақ, жарыс қорытындысын хабардар етсек дейміз.

 

Топ жарғандар кімдер?

Екі күнге созылған байрақты бәсекеде топ жарғандар кімдер десеңіздер, олардың аты-жөндері төменде беріліп отыр. Әр салмақ дәрежесі бойынша жеңіс тұғырына көтерілгендер:

55 келіде: 1. Бауберіков Мирас (ҚазСТА); 2. Әбдірахимов Нұрсәулет (ҚазҰПУ); 3. Сағатбек Самат (ҚазСТА).

60 келіде: 1. Жамбыл Мадияр (ҚазСТА); 2. Көпжасар Бағлан (ҚазСТА); 3. Какенов Данияр (ҚазСТА).

66 келіде: 1. Ескендіров Жамбыл (ҚазСТА); 2. Рысдәулет Мәулен (ҚазҰПУ); Шайхиев Нұрболат (АКТК теміржол колледжі).

74 келіде: 1. Аманжол Жанбота (ҚазНПУ); 2. Тұрарбек Алмас (ҚазСТА); 3. Өмірзақов Абдрахман ((РШИ).

82 келіде: 1. Сейтқазынов Ерсін (ҚазСТА); 2. Кеңес Марат (ҚазСТА); 3. Бердіғали Мерей (ҚазСТА).

90 келіде: Абушахман Бекарыс (ҚазСТА); 2. Мұхиддинов Ержан (ҚазСТА); 3. Аязбаев Қуаныш (ҚазСТА).

100 келіде: Алғазы Нұрсұлтан (ҚазҰТЗ); 2. Өміржанов Ерхан (ҚазСТА); 3. Оңалбай Ғабибулла (ҚазСТА).

100-ден жоғары салмақта: 1.Ерғалиев Еламан (ҚазСТА); 2. Бақыткелді Ертуған (ҚазСТА); 3. Шейнер Темірлан (ҚазСТА).

Осы жарыстан алған әсерімді сіздерге жеткізсем деген ниетпен жазылған өлең шумақтарын назарларыңызға ұсынамын.

Ер қазақтың мақтан тұтар өнері

Мамандары ертеңгі әрбір саланың,

Жоғары оқу орындары қаланың

Студентін қосқан бәйге байрақты

ҚазСТА-да көтерді өз жалауын.

Үшінші жыл өткен осы жарысқа,

Қатысқандар қамшы басып намысқа,

Ұлттық бренд — күресінен қазақтың

Бас жүлдеге таласты атақ — «Барысқа».

Боз кілемнің шаңын қағып екі күн,

Сол атақпен жалғастырған үмітін

Құрыш білек балуандарға белдескен

Жанкүйерлер бақ тіледі күні-түн.

«Тайталаста Тәңір жолын оңғарып,

«Мыңнан — тұлпар, жүзден — жүйрік» топ жарып

Шыққан жанға көрермендер қол соқты

Өнеріне тәнті болып, таң қалып.

Бірі — жеңсе, бірі — сында сүрініп,

Бабы келмей, сәтсіздікке ұрынып

Жеңілсе де құттықтаса жеңгенді

Дәл осының өзі емес пе ірілік?!

Ер қазақтың мақтан тұтар өнері —

Ұлттық күрес қайда жүрсе сенері.

Сол өнерді өксітпейтін ұл болса,

Бос қиялдай оған қауіп төнері.

Таңғажайып спорт шоуын сыйлаған,

Мұндай жарыс аз көп елді жинаған.

Соған куә болғандықтан бөлістім

Қуанышпен, тар жүрекке сыймаған.

...Оқырманға осы сыйым сыйлаған!..

 

Жеңімпаздар сыйлығы

Сөз соңында айтарым, жарыс жүлдегерлеріне арнайы дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді. Бірінші орын алған балуан 10 мың, екінші орын алған 7— 1мың, үшінші орын алған — 5 мың теңге көлемінде сыйақы алды. Жарысқа Алматы қаласы әкімдігінің Спорт және туризм басқармасының бастығы Әбіл Домбай, Қазақ күресі спорт клубының директоры Шалқар Алдабергенов демеушілік көрсетті. Жарыстың бас төрешісі — Нұржан Өтенов, жарыстың бас хатшысы — Әнуар Сайдуллин.

Ермек Сахариев

 

 

 

Категория: Новости | Просмотров: 52 | Добавил: Гульнара | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar