Главная » 2015 » Март » 3 » ҚазСТА шәкірттері №128 мектеп оқушылары үшін «Көңілді сайыстар» эстафеталық ойындарын өткізді
11:41
ҚазСТА шәкірттері №128 мектеп оқушылары үшін «Көңілді сайыстар» эстафеталық ойындарын өткізді

Ақпан айының 13 жұлдызы Қазақтың спорт және туризм академиясының үшінші курс студенттері Мұхтар Әуезов атындағы №128 мектеп оқушылары үшін Ұлы жеңістің 70 жылдығына және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Көңілді сайыстар» ұйымдастырды. Эстафеталық ойынның мақсаты – топтық ойындар арқылы өскелең ұрпаққа патриоттық сезімді ұялату, балаларды топтасып, ұйымдасып жұмыс істеуге баулу. Эстафеталық ойындардың ерекшелігі – ойынға топтағы барлық адам қатысып, өз үлесін тигізеді. Сонда топтағы барлық ойыншылар бір жұдырықтай жұмылып, өз тобын жетістікке жетелейді.

Академия шәкірттерін қолдау мақсатымен «Көңілді сайыстарға» біздің Академиядан тәрбие және бұқаралық спорт проректоры Мұхтар Зайнұлдаұлы, оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Динара Кенжеқызы, Спорттық ойындар кафедрасының меңгерушісі Пресняков Игорь Николаевич және жанкүйерлер болып Академия мұғалімдері мен студенттері қатысты.

Бауыржан Зауренбекұлы, спорттық ойындар кафедрасының аға оқытушысы:

– Қазір біздің үшінші курс студенттері педагогикалық тәжірибеден өтуде. Жоспар бойынша, тәжірибенің төртінші аптасында жарыстар мен эстафеталар, сабақтан тыс жұмыстар ұйымдастыру керек. Соның барысында биыл біз түрлі жарыстар өткіземіз. Мысалы бастауыш сыныптар арасында ұлттық спорт түрлері, ал 7-8 сыныптар арасында басткетболдан, 9-10 сыныптар арасында волейболдан ойындар өткізілді. Ал 5-6 орта сыныптар арасында Ұлы жеңістің 70 жылдығына және Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Көңілді сайыстар», яғни эстафеталық жарыстар ұйымдастырылды. Бұл ойындардың басты мақсаты – осы ұлы тарихи кезеңдерді жас ұрпаққа дәріптеу. Еліміздің жеңіске жету жолын жастарға жеткізу. Ал Қазақ хандығының 550 жылдығы бүгінгі таңда өте күрделі мәселе болып отыр. Сол себепті біздің алға қойған басты мақсатымыз – жастарды патриоттық сезімге және отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ал студенттерге келер болсақ, бұл жарыстардың ұйымдастырылуы олардың тәжірибеде жинақтаған біліктіліктерінің айқын көрінісі.

Салтанатты ашылу

Балалық спорт мерекесінің салтанатты ашылуы, №128 мектеп директоры Қабылбекова Парида Сәбішқызының құттықтау сөзінен басталды: «Құрметті оқушылар және осы жарысқа келіп отырған қонақтар! Бүгінгі шарамыз Қазақтың спорт және туризм академиясымен бірлесе Мұхтар Әуезов атындағы мектептің 5-6 сынып оқушылары арасында өткелі отыр. Бүгінгі эстафеталық жарысымыз Қазақ хандығының құрылғандығына 550 жылдығына және Ұлы жеңістің 70 жылдығына арналып отыр. Ал Қазақтың спорт және туризм академиясымен қызметіміз әлі де жалғасын табады деген сенімдеміз!»,- деп, мектеп басшысы барша қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ал қара шаңырағымыз – Қазақтың спорт және туризм академиясы атынан құттықтау сөз кезегін Академиямыздың оқу-әдістемелік жұмыс жөніндегі проректор Динара Кенжеқызы алды: «Құрметті мектеп басшылығы, мұғалімдері, оқушылары мен Академиядан келіп отырған қауым, сіздерді бүгінгі спорт мерекесімен құттықтаймын! Мына жас бүлдіршіндерге айтайын дегенім, осы дене тәрбиесі мен спортпен айналысудың арқасында сіздердің денсаулықтарыңыз мықты болып, оқу озаттары болып, Қазақстанның болашағын құратын сенімді азаматтар боласыңдар деп кәміл сенемін. Ал бүгінгі жарыста өз өнерлеріңізді көрсетіп, араларыңыздағы ең жүйрік топ жеңіске жеткей»,- деп, сөз соңында мектеп директоры Парида Сәбішқызына ҚазСТА басшылығы атынан, тәжірибе өту барысындағы көрсеткен қамқорлығы пен қолдауы үшін, арнайы алғыс хатын ұсынды.

Көңілді балалық дода

Спорттық жарыстардың барлығы дерлік қызықты ғой. Дегенмен балалық эстафеталар ерекше көңілді болады. Ойындардың басталысымен қатысушылыр мәреге жетуге асықса, жанкүйерлер оларды қолдап әлек болды. Сан-алуан плакаттар мен қолдау сөздері спортшыларымызға көмегін тигізген сыңайлы. «Көңілді сайыстар» балалардың жан-жақты қабілеттіліктерін танытып, ептілік, шапшаңдылық, күші мен шыдамдылығын сынады. Көңілді жарысқа 5а сыныбының «Қыран», 5ә сыныбының «Сұңқар», 6а сыныбының «Тұлпар» және 6ә сынып оқушыларының «Барыс» топтары қатысты. Бақ сынасуға әбден дайын төрт топтың сайыстарын көрмес бұрын, №128 мектеп қабырғасында дайындалатын каратэ үйірмесінің өнерлерімен тәнті болдық.

  

Алғы сөздер айтылды, ән де шырқалды, өз-ара танысып та үлгерген барша қауым, «Көңілді сайыстарды» тамашалауғы дайын болды. Бірінші болып «Кедергілерді бағындыру» атты ойын басталды. Аты айтып тұрғандай, топтар алдарында арнайы жасалған түрлі кедергілерден сүрінбей өтіп, алғашқы болып өз орындарына оралуы қажет. Алдымен кедергі астынан ептеп өтіп, кейіннен сүрінбей жүгіріп, ал соңында теннистік допты арнайы құтыға дәл тастап, эстафетаны топтың келесі қатысушысына тапсыруды аяқтаған балалар, «Кім епті» ойынына көшті. Ойынның негізгі құралдары – доп пен орамал. Топтағы ойыншылар екі-екіден бөлініп, допты орамалмен сырғанатады, ал қайтар жолда оны орамал үстіне қойып, кезекті келесі екілікке береді. «Көңілді сайыстардың» ең қызықты ойындарының бірі – шеңбермен жүгіру. Ойынның шарты бойынша, топтағы бір қатысушы шеңбер ішіне алдымен бір ойыншыны алып жүгіреді де, бірте-бірте оның қалған қатысушыларын да жинап, ең бірінші болып өз орнына оралады. Бұл сайыстан соң, «Кім жылдам?» –  тақтайшадағы теннистік допты түсірмей жүгіру ойыны жалғасты. Ендігі бір қызықты кезең – «Судағы құтқарушылар» деп аталды. Онда топтағы қатысушалар үлкен матраспен шынайы ашық судағыдай адам құтқару ісімен айналысты. Топтық сайстың соңғы ойыны – дәстүрлі «Арқан тартыс». Арқанның екі жағынан екі топ қатысушылары ұстап, үздігі анықталды. Ал орындарды нақтылау мақсатында, топ басшылары арасындағы «Капитандар сайысы» өтті. Ондағы мақсат – ортада жатқан қамшыны бірінші болып қолға түсіру.

 

Жеті сайыс аяқталды, барлық ойыншылардың өнерлері мен мықты жақтары көрсетілді, ендігі кезек – марапатта. Сонымен әділқазылар шешімі бойынша үшінші орынды 5ә сыныбының «Сұңқар» тобы алса, екінші орында«Барыс» тобы – 6ә сынып оқушылары. Ал ең үздігі болып, бірінші орынды иемденген – 6а сыныбының «Тұлпар» тобы атанды. Барлық топтар алтын, күміс және қола медальдармен, арнайы мадақтау қағаздарымен және күбоктармен марапатталып, ойынның соңы үлкен фотосессияға ұласты.

Балалармен сұхбат

Ойын басталмай жатып, балалардың дайындықтарын суретке түсіріп жүргенімде, Академия мен оның шәкірттері, және жалпы спорт турасында пікірлерін білу мақсатында, олармен сұхбаттаса бастадым. 5а сыныбының Зере, Мәдина және Мөлдір есімді сұлу қыздарының айтуынша, ағайларының, яғни біздің студенттердің, сабақ беруі өте ұнайды екен. Бәлкім олардың сымбатынан болар, дегенмен кішкентай азаматшаларымыздың сөзіне сенсек, дене шынықтырудың әр сабағы көңілді де ерекше өтеді. «5а жеңеді!» деп сендірген қыздарға, әсіресе Бауыржан ағайлары ұнапты. Меніңше, жас қыз балаларды спортпен айналысуға итермелеудің ең үздік жолы – сымбатты дене шынықтыру пәні мұғалімі. 

Академия шәкірттері – көрнекті жарнама

Әрине Академия мұғалімдері мен шәкірттерінің әр жеңісі мен қолға алған істері – қара шаңырағымыздың үздік жарнамасы! Шыны керек, жүз рет естігенше, бір рет көзбен көрген әлде қайда артық. Ал бізің спортшылар тек ҚазСТА мәртебесін көтеріп қана қоймай, отанымыз Қазақстанды да әлем сахнасында танытуда. Ал дәл осы шараны алар болсақ, болашақ дене шынықтыру пәні мұғалімдерінің әр іс-қимылы өскелең ұрпаққа үлгі, нұсқаулық. Балалардың спортпен шынайы қызығып, тіпті Академияда білім алғысы келгендіктеріне қарағанда, біздің спортшылар талмай еңбек еткен сияқты. Ондай болса, еңбектеріңіз жемісті де табысты болғай!

Мәдина ОРАЗОВА, 

фотосуреттер автордікі  

Просмотров: 547 | Добавил: dimabest | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0