Главная » 2016 » Ноябрь » 3 » Қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратаевтың 80 жылдық мерейтойы атап өтілді
10:21
Қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы Сұлтанғали Қаратаевтың 80 жылдық мерейтойы атап өтілді

       29 қазан күні талай спорт саңлақтарының түлеп ұшқан ұясы – Қазақ спорт және туризм академиясында спорт саласының насихатшысы болған, қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы, С.Бердіқұл  атындағы Республикалық сыйлықтың иегері, Қазақстан спортының құрметті қайраткері  Сұлтанғали Қаратаевтың  80 жасқа толған мерейтойы аталып өтті. 1966 жылдан бастап дүбірлі додаларды қазақша сөйлеткен С.Қаратаевтың спорт журналистикасындағы еңбегі ерен. Әсіресе комментаторлық өнердің шебері ретінде елімізге танымал. Сұлтанғали Қаратаев тек спорт журналисі ғана емес, ғылыми-зерттеулік, тарихи-танымдық мақалалар жазуда да өз қолтаңбасы бар. Сондай-ақ білікті аудармашы ретінде де бірнеше еңбектері жарық көрген. Бүгінгі таңда осындай, ұрпаққа үлгі ретінде өзіндік ізі бар спорт ардагерімен күллі қазақ мақтанады.

                                                                                                                                          

       Осы ретте спорт саласының насихатшысы болған Сұлтанғали ағамыздың 80 жылдық мерейтойын белгілі спорт шолушысы, комментатор Есей Жеңісұлы жүргізді.

                                                                           

      Қазақ спорт және туризм академиясының президенті., профессор Қайрат Қайроллаұлы Закирьянов бірінші болып сөз алып, қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторын мерейлі мерекесімен құттықтап, ұзақ ғұмыр тілеп, иығына шапан жауып "Қазақ спорт және туризм академиясына сіңірген  еңбегі үшін» төс белгісімен марапаттады.

                                                                           

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатовта арнайы келіп, Сұлтанғали Қаратаевты 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.

- Бүгінгі күнді ерекше күн деп айтуға болады. Қазақтан шыққан тұңғыш спорт комментаторы 80 жасқа толып отыр. Мерейтойыңыз құтты болсын. Қазақ спортының дамуына үлкен үлес қосып, биік деңгейге жетуіне септігін тигізіп жүрген, ол – бұқаралық ақпарат құралдары. Әсіресе спорт журналистерінің еңбегін ерекше атап өткім келеді. Сұлтанғали аға тәрбиелеген шәкірттер бүгінде ел спортының дамуына мол үлес қосуда. Әлде де жастарға өз тәжірибеңізбен бөлісіп, ақыл-кеңесіңізді беріп жүргеніңізге дән ризамыз. Деніңіз сау болсын, - деді.
 

                                                                           

Мерекелік кездесу соңынан «КазАСТ ТВ» телестудиясының тұсауы кесілді. Қазақтың тұңғыш спорт комментаторы жаңадан ашылған телестудияның лентасын қиып, ақ батасын берді.

                                                                           

Сондай-ақ бүгінде түрлі спорттық шараларды жүргізіп, ұйымдастырып жүрген спорт сарапшысы Рауан Оқас мерейтой иесіне арнайы салынған портретін сыйға тартты.
 

                                                                           

30 қазан күні 80 жылдық мерейтойға орай ҚазСТА - ға қарасты «Хан Тәңірі» стадионында журналистер арасында мини футболдан республикалық жарыс өтті. Тартысқа толы өткен жарыста Талдықорғанның «Жетісу» командасы бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орын «НТК» арнасының тілшілеріне бұйырса, үшінші орынды Оңтүстік Қазақстаннан ат терлетіп келген журналистер иеленді. Жарыс жеңімпаздары мен үздіктерін Сұлтанғали Қаратаевтың өзі марапаттады.

                                                                           

Категория: Новости | Просмотров: 168 | Добавил: Гульнара | Рейтинг: 0.0/0
Всего комментариев: 0
avatar