ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ «ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖЕТІ ҚЫРЫ» АТТЫ МАҚАЛАСЫ ТУРАЛЫ ПІКІР

          Қазақстан Республикасының Президенті, Ұлт Көшбасшысы – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы өткен бір жарым жылдың ішінде мемлекетіміздің жаңа тарихының ұлттық және жалпыадамзаттық сабақтастықтағы дамуына зор серпіліс әкелді. Ал Елбасымыздың қазір жарияланып отырған «Ұлы Даланың жеті қыры» атты мақаласы аталған бағдарламалық мақаладағы жобалардың жалғасы ретінде ұсынылып отыр.

         Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» атты жаңа мақаласы екі бөлімнен тұрады. «І. Ұлт тарихындағы кеңістік пен уақыт» бөлімінде Ұлы Даланың жеті қыры саралана көрсетілген: 1. Атқа міну мәдениеті. 2. Ұлы Даладағы ежелгі металлургия. 3. Аң стилі. 4. Алтын адам. 5. Түркі әлемінің бесігі. 6. Ұлы Жібек жолы. 7. Қазақстан – алма мен қызғалдақтың Отаны. Аталған Ұлы Даланың жеті қыры мәселелерін баяндау арқылы дүниежүзіндегі атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығының біздің даламыздан бастау алғаны айтылған. Атқа міну мәдениеті бойынша салт атты жауынгердің ықшамды киімінің, шалбардың, етіктің, ер-тұрманның, үзеңгінің, садақтың, жебенің, қылыштың, сауыттың – бәрінің далалықтардан тарағандығы баяндалған. Сонымен бірге, қазақ жерінің тау-кен өндірісінің ошағы болғандығы, металл (қола, мыс, мырыш, темір, күміс, алтын) қорытпаларының өндірілгені көрсетілген. Ұлы Даладағы аң стилі (мысық тұқымдас аңдар, қар барысы, т.б.) негізінде оюлы кескіндеменің мыс пен қоладан, алтыннан аң стиліндегі бұйымдар жасалатыны да назарға алынған. Ал, Алтын адам құйма тұлғасының, оның жанындағы күміс кеселердің, ондағы ойма таңбалардың бейнеленуінен дала өркениеті мифологиясының эстетикалық биік талғам деңгейібағаланған. Мақалада Ұлы Дала төсіндегі Алтай тауының бүкіл түркі әлемінің бесігі болғандығы аталып, түркілердің көшпелілік пен отырықшылық өркениеттің қатарлас дамуын қалыптастырғаны байыпталған. Әбу Насыр Әл-Фараби дүниеге келген Отырар қаласының және Қожа Ахмет Иасауи өмір сүрген Түркістан қаласының әлемдік даңқы бағаланған. Елбасының мақаласындағы Еуразияның Шығысы мен Батысын, Солтүстігі мен Оңтүстігін байланыстырған трансконтинентальды желі – Ұлы Жібек жолының ежелгі және орта ғасырларда Қытай, Үнді, Парсы, Жерорта теңізі, Таяу Шығыс, славян өркениеттерін байланыстырғаны атап көрсетілген. Мақалада қазіргі мемлекетіміз Тәуелсіздігінің алтын бесігі Алматының және Қазақстанның алма мен қызғалдақтың Отаны екендігі тарихи деректер негізінде бағалаулар жасалған.

Елбасы мақаласының «ІІ. Тарихи сананы жаңғырту» атты бөлімінде Ұлы Даланың аталған жеті қырын жүзеге асыру үшін мынадай ірі жобалар ұсынылған: 1. Архив – 2025. 2. Ұлы Даланың ұлы есімдері. 3. Түркі әлемінің генезисі. 4. Ұлы Даланың ежелгі өнер және технологиялар музейі. 5. Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы. 6. Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі. Аталған жобалар бойынша ағымдағы іс-шараларды өткізуде нақты аталған:

  • «Архив – 2025» — жеті жылдық бағдарламасын жасау;
  • Мектептер мен барлық өңірлердегі өлкетану музейлерінің жанынан тарихи-археологиялық қозғалыстар құру;
  • «Ұлы Даланың ұлы есімдері» атты оқу-ағарту энциклопедиялық саябағын ашу;
  • «Ұлы Дала тұлғалары» атты ғылыми-көпшілік сериялар шығару, тарату;
  • «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаның аясында 2019 жылы Астанада түркологтардың дүниежүзілік конгресін және әр түрлі музейлерінің экспозицияларына ежелгі түркі жәдігерлері қойылатын Түркі халықтарының мәдени күндерін ұйымдастыру:
  • «Ұлы Дала» ежелгі өнер және технологиялар музейін ашу;
  • «Ұлы Даланың ұлы өркениеттері» атты жалпыұлттық тарихи реконструкциялар клубы құру.
  • Ежелгі Отырар қаласының бірқатар нысандарын ішінара қалпына келтіретін туристік жоба жасау;
  • «Дала фольклорының антологиясын» жасау;
  • «Ұлы Даланың көне сарындары» жинағын шығару;
  • Қазақстанның өркениеті тарихының үздіксіз дамуын көрсететін деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толық метражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу.

Жинақтап айтқанда, Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» атты бұл мақаласы Тәуелсіз Қазақстан Республикасының байырғы түркі-қазақ өркениетіндегі материалдық және рухани мәдениетінің салаларын қазіргі заманғы тарихымызда жаңғырта дамытудың жаңа бағыттарына айқын жол ашады.

Эльвира Тебегенова,
Қазақтың спорт және туризм академиясы,
Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының
аға оқытушысы