Алаштың азаттығына, туған мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне — 26 жыл толуына орай «Тәуелсіздікке тағзым» атты мерекелік іс-шара өткізілді.

IMG_9120

Алаштың азаттығына, туған мемлекетіміздің Тәуелсіздігіне — 26 жыл. Осынау мәртебесі биік, ардақты да аяулы күнге орай ҚазСТА акт залында  студенттер департаментінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздікке тағзым»  атты мерекелік іс-шара өткізілді. Аталған іс шараның ашылуы мемлекеттік Әнұранымызбен ашылып, ары қарай тәуелсіздікке арналған видеороликтер және  студенттер қойған көріністермен жалғасын тапты. Мерекелік іс-шарада ҚазСТА тәрбие және бұқаралық істер жөніндегі проректоры, п.ғ.к., М.Зейноллаұлы барша студенттер мен оқытушыларды Тәуелсіздіктің 26 жылдығымен құттықтап өтіп, студенттерге Тәуелсіздікті маңызы туралы түсіндіріп өтті. «Жаһанда ұлт пен ұлыстар саны екі мыңнан асады. Ал, мемлекет саны 200-дің маңы. Тағы бір ойландырар факт – бізден үш есе көп кейбір қауымдардың мемлекеті жоқ. Мынау менікі деп шегелеп тұрып айтатын жері жоқ. Үлкен жұрттарға сіңгені сіңіп, жұтылғаны жұтылып, іштей күңіреніп, күрсінсе де сыртқа дымын шығара алмай отырған жұрт аз емес. Қазақстан осы аптада Тәуелсіздік күнін атап өтті. 1991-ші жылдың 16-шы желтоқсанында Жоғарғы Кеңес «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Конституциялық заң қабылдады. Бұл Қазақ мемлекетінің – ел болдым дегені еді. 26 жыл. Бұл 26-ның әрбір жылы, әрбір айы, аптасы тіпті күні тарихи шешімдер мезгілі болды. Қазақстан қадамдап болмаса да, табандап алға басты, өз азаттығына алдымен өз бойын, біртіндеп өзгенің бойын үйретті.  Әрине, болдым-толдым деуге ешкімнің құқы жоқ.
Азаттық қазаққа оңай келген жоқ. ХVІІІ ғасыр қазаққа талай тауқымет тарттырған ғасыр. Алдымен, жоңғар шапса, кейін көршіміз орыстың отарына түстік. Сырым Датұлы, Исатай мен Махамбет, Кенесары бастаған қозғалыстар Қазақтың ұлт болып ұйысып, халық болып қалыптасу жолында талай азапты бастан кешті. Сөйтіп жүріп, аналарымыз ұрпағын өсірді, әкелеріміз дархан даласын қорғады. Кешегі батыр бабаларымыздың төккен тері зая кетпей, асыл мұрат Азаттыққа қол жетті. Тәуелсіздік — ең басты құндылығымыз. Бұл күнге сан ғасыр бойы армандап жеттік. Тәуелсіздікке қан төгіссіз, бейбіт түрде қол жеткізіп, елімізді әлемнің өркениетті мемлекеттерінің қатарына қостық. 26 жыл ішінде тәуелсіз Қазақ елін қалыптастырып, нарықтың қиын өткелектерінен аман өткізіп келеміз.

Барша қазақстандықтар үшін Тәуелсіздіктің мәні де, маңызы да айрықша. Өйткені біз Тәуелсіздіктің арқасында тарихымызды түгендеп, тілімізді, дінімізді және ділімізді қайта оралттық. Мемлекетіміздің ұлттық рәміздері қабылданып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық».IMG_9011 IMG_9040 IMG_9110 IMG_9120 IMG_9150 IMG_9159 IMG_9173