ҚазСТА түлегі «Қазақстан барысы-2017» атанды

Еламан Ерғалиев: ҚазСТА басшылығына маған көрсеткен көмектері мен қамқорлықтары үшін алғысымды білдіре кеткім келеді.

Астанада өткен Қазақстан Республикасы Тұңғыш президентінің жүлдесі үшін қазақ күресінен VII Республикалық турнирінде ҚазСта күрес кафедрасының  2017 жылғы түлегі,  22 жастағы Еламан Ерғалиев «Қазақстан барысы-2017» атанды. Жас спортшымен болған сұқбатты оқи отырыңыздар.

Еламан, «Қазақстан барысы» атануыңмен шын жүректен құттықтаймыз! Жарыстан алған әсеріңмен бөліссең. Сұхбатымызды осыдан бастайық?

«Қазақстан барысына» былтыр да қатысқан едім. Алайда өздеріңіз білетіндей, үшінші белдесуімде сәтсіздікке ұшырап, кері қайтуға мәжбүр болдым. Ал биылғы жолым «Әскер барысынан» басталды. Астана қаласында өткен сол бір айтулы додада топ жарғаннан кейін, «Қазақстан барысына» қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Жалпы, бұл турнирдің жылдан-жылға ұйымдастырушылық деңгейі де, сайыстың дәрежесі де өсіп келе жатыр. Қазақстанды айтпағанда, біздің күрескенімізді әлемнің әр түкпірінен миллиондаған көрермен тамашалап отырады екен. Оның өзі үлкен қуаныш ғой.

Сен үшін қай қарсылас мықты секілді көрінді? Кімнен сескендің іштей болса да?

«Қазақстан барысына» ешкімнің де бей-жай қарап, жәй әшейін келе салмасы анық. 33 балуанның барлығы да үлкен дайындықтан, үлкен іріктеуден өтіп келіп отыр. Оның үстіне бәріміз бір-бірімізді білеміз. Спортта мына спортшы осалдау ғой, мұны айналып өтемін деген ұғымның талай мәрте теріске шығатынын көріп те, біліп те жүрміз. «Ой, мына қарсыласты қалпақпен ұрып аламын ғой» деп тұрып, жеңіліп қалуың мүмкін. Сол үшін барлық қарсыласқа бірдей дайындық, бірдей бап болды. Ешкімді бөліп-жармай, ешкімнен сескенбей тек алдымнан шыққан қарсыласпен барымды салып күрестім, содан кейін әлбетте тек жеңуім керек деген ой тұрды. Осының арқасында жеңіске жеттім.

Турнирге дайындық қанша уақытқа созылды?

Бұл турнирге бір-екі ай ғана дайындалып келе салған жоқпын. Бұл жеңіс қаншама ай мен қаншама жыл бойы төгілген тердің жемісі деуге болады. Әркім де жеңісті армандайтындықтан, бәрі де солай ұзақ уақыт жаттығып барып қатысады. Негізі мені дайындайтын бірінші бапкерім — әкемнің ағасы Дархан Алмаханов деген кісі. Ал қазір мені турнирге жетелеп шығып, осы күндері де білгенін үйретіп баптап жүрген Арсен Хасиев деген жеке бапкерім. 2012 жылдан бері сол кісінің қол астында жаттығып, шыңдалып жатқан жайым бар.

Қазақ күресінде өзіңнің сүйсіне жасайтын әдісің қандай?

Өзім жақсы жасайтын, қолайыма келе кететін 4-5 әдісім бар: Бұттың ортасынан көтеріп лақтыру, шалып лақтыру, іліп қалу деген сияқты. Мысалы бұл әдістерді Мұхит ағаға, Асыл Барменовке, финалда Ұлан ағамызға қарсы қолдандым. Және ол әдістер өзінің сәтті нәтижесін берді. Бұл менің сүйікті тәсілдерім.

Өзіңнің өскен ортаң, туған жерің туралы айта кетсең?

Мен 1995 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданында дүниеге келдім. Сол жерде жүріп 3-сыныптан бастап күреспен айналыса бастадым. Ата-анам, әжем барлығы сол жақта тұрады әлі күнге. Өзім үйдің үлкенімін. Менен кейін екі інім мен қарындасым бар. Мектепті Қызылордада оқығаныммен, қазіргі кезде Алматы қаласында тұрып жатырмын. Осы жақтағы Қазақ спорт және туризм академиясының  2017 жылғы түлегімін. Осы ретте сол жоғарғы оқу орынында ұстаз болып қызмет атқаратын, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, профессор Ерғали Мұхитденов ағамыздың маған көрсеткен көмегі мен қамқорлығы орасан зор. Сол кісіге алғысымды білдіре кеткім келеді.

Енді келер жылы да «Қазақстан барысында» өзіңді чемпиондыққа үміткерлердің қатарынан көреміз деген үміттемін?

Алла қаласа әлбетте келесі жылы «Қазақстан барысына» іріктеусіз қатысамын ғой. Қазірден бастап осы атақты қорғап қалу үшін дайындықты бастап кеттім десем болады. Бір аптада 10 жаттығу жасаймыз. Енді біз ауыр салмақта болғандықтан күш пен қозғалысқа негізделген физикалық жаттығуларды көбірек жасауға мән беремін. Сосын бапкерлерімнің тапсырмасы, тактикасы бойынша әдістерді қайталау жаттығулары бар. Соларды жиі жүзеге асырып, шынығамын. Сосын қасымда өзім секілді ірі-ірі жігіттер бар. Солармен белдесіп, дайындаламыз. Жалпы, бос уақытым жоқ деп айтар едім. Аптасына тынбастан 10 жаттығу жасайтындықтан, тек демалуға ғана уақыт табамыз. Ал кейде ірі турнирлерден кейін еңбек демалысын беріп жатса, онда суға түсіп, тауға шыққан ұнайды. Ал 24 сағат бойы бар ойлайтыным – тек күрес ғана.

Baq.kz

 

Проверить также

ҚазСТА магистранты “Арландар сайысы” турнирінің жеңімпазы атанды.

14 қазан «Алматы Арена» спорткешенінде қазақша күрестен жастар арасында «Арландар сайысы» турнирі өтті. Алматы қаласында ...

В Казахской Академии спорта и туризма Открылась Высшая школа тренеров!

5 сентября 2017 года в Казахской Академии спорта и туризма состоялось важное  событие  –  официальная  ...