АРХИВ

ҚазСТА ұжымы латын әліпбиіне көшуді қолдайды

Қазақ спорт және туризм академиясында  қазақ, орыс және ағылшын тілдері кафедрасының ұйымдастыруымен «Латынға көшу: болашақ таңдауы» атты дөңгелек үстел өтті. Жиында латын əліпбиіне көшу мəселесі сөз болды.  Аталған шараға Академия басшылығымен қатар оқытушылар мен профессорлар құрамы қатысып,  латын қарпіне көшу еліміздің басқа мемлекеттермен байланысын нығайтуда маңызды роль атқаратынын айтты.

Шараның негізгі мақсаты ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында Академия ұжымы арасында латын қарпіне көшу қажеттілігі бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу, латын қарпіне көшу бойынша өзекті мәселелерді талқылау.

«Əліпбидің латын қарпіне көшуі туралы Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында атап көрсетті. Жақында Парламентте ұсынылған латын əліпбиінің жобасын бүкіл ел талқылап жатыр. Бұл ана тілімізді халықаралық деңгейге көтеретін уақыт талабы, жаңа технологиялар мен инновациялар»,-деді тәрбие және бұқаралық спорт проректоры М.З. Есқалиев.

Жиынға қатысушылардың пікірінше, Жапония, Қытай секілді елдерде иероглифтермен бірге латын қарпі де қолданылады. Медицина мен басқа да салаларда заманауи терминология латынша жүргізіледі. Қазір кез келген студент пен оқушы латын əрпінде жаза алады. Тілдік ерекшелігімізді сақтай отырып, бірыңғай стандартқа келтіруіміз керек. Латынға көшу əлемдегі қазақтардың бірігуіне жол ашады, қарым-қатынасқа да қолайлы.

Айта кету керек, Академия ұжымы латын қарпіне көшу туралы ұсынысты алғашқылардың бірі болып қолдады.

Сөз соңында проректор М.З. Есқалиев: «Мемлекет басшысы айтқандай, латынға көшу кезең-кезеңмен жүзеге асады. Болашақ ұрпақ үшін мəдениет пен білімнің іргетасын бүгін қалауымыз керек»,-деді.

 

Статьи по Теме

Close